ӘӨЖ 811.512.1
МРНТИ 16.01.07
DOI 10.56525/KRQO1326
МАҢҒЫСТАУ САКРАЛДЫ КЕҢІСТІГІНДЕГІ
ПЕТРОГЛИФТЕР МЕН РУЛЫҚ ТАҢБАЛАР
МЕТИН ЕКИЧИ
Эге университеті, Измир, Түркия
e-mail: [email protected]
Ж.О.АРТЫҚБАЕВ
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана, Қазақстан.
Е-mail: [email protected]
*Б.И.НҰРДӘУЛЕТОВА
Есенов университеті, Ақтау, Қазақстан.
Е-mail: [email protected]
Аңдатпа. Сонау жоғарғы палеолит дәуірінде пайда болып, қазіргі заманға келіп кеткен жартастағы суреттер мен жазу-сызулар – бір жағынан, оларды салған адам баласының рухани жан-дүниесін көрсететін «ашық аспан астындағы галерея» болса, ал екінші жағынан, өткен дәуірлер мен қоғамдар тарихы үшін теңдессіз дерек көздерінің бірі болып табылады. Себебі таңбалы тастар біздің ата-бабаларымыздың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, шаруашылығы мен кәсібіне, діни наным-сенімдері мен әдет- ғұрыптарына, дүниетанымына, қоршаған ортамен қарым қатынасы мен рулық-тектілік идентификациясына және тағы да басқа іс-әрекеттеріне байланысты мағлұматтар береді.
Қазақтың даласы осындай мағлұматтарға толы таңбалы тастардың жиынтық орындарының көптігі бойынша Еуразия континентінде алдыңғы орындардың бірін алады. Маңғыстау петроглифтерінде ең көп кездесетін бейнелердің бірі – таңба және ұқсас бейнелер.
Мақалада Маңғыстау мен Үстіртте кездесетін таңбалар жиынтығы, петроглифтер мен символдық бейнелер, олардың танымдық мәні, таңбалық қызметі талданады.
Түйін сөздер: Таңба, символдық бейнелер, петроглифтер, Маңғыстау, пиктография, қабіртастар.
2020-2024 жж. экспедициялардың барысында Маңғыстау облысы аумағындағы қорымдардардағы кесенелер мен күмбезтамдарда және құлпытастар мен қойтастарда кездесетін сан алуан петроглифтерден басқа археологиялық нысандарда кездесетін 4 ірі петроглифтер жиындығы анықталып отыр. Олардың арасынан жеке бейнелерден бастап, көп бейнелі күрделі композицияларға дейін кездестіруге болады [1].
Олардың ең көнесі энеолит дәуіріне тиесілі Батыс Қазақстандағы ең алғашқы Қосқұдық 1, 2 конысынан табылып отыр. Қосқұдық 1, 2 қонысы облыс орталығы Ақтау қаласынан 7 км солтүстік бағытта орналасқан. Қазба жұмыстары 1993 жылы басталған. Қоныс мерзімі б.з.д 4000 жылдың ортасы мен екінші жартысы деп болжанған. Археолог А. Астафьевтың жетекшілігімен жүргізілген қазба жұмыстары кезінде үй қабырғасына айналған жартас кертпешінің баспалдағында екі жыланның шартты сұлбалы бейнесі табылды. Суреттердің ені 1,5-2 см терең науа түрінде салынған. Бастары ойық шеңбермен берілген. Жыландардың бастары бойлық бойымен солтүстік бағытқа қаратылған.
1–сурет. Қосқұдықтан табылған қос жылан бейнесі
Үлкен жыланның ұзынды,ы 67 см. Оның құйрығы қайрылып, жартастың дәл шетінде үзіледі. Кішкентай жыланың бойы 23 см-ге дейін жетеді. Үлкен жыланның шығысында доға бойымен суреттерді жағалай 8 шеңберлі ойықтар орналасқан (1-сурет).
Сонымен қатар, дәл осы археологиялық аймақта б.з.д. IV мыңжылдықтың соңы мен III мыңжылдықтың басында өмір сүрген Қосқұдық-2 қонысынан да бір жаққа жорғалап бара жатқан екі жылан мен балықтың шартты бейнелері табылған. Үлкен жыланның ұзындығы 350 см (2-сурет).
2 –сурет. Қосқұдықтан табылған тас бетіндегі шартты сызбалар
Мифологтардың пікірінше, жылан бейнесі су киесімен оның жойқын күшімен байланыстыралады. Олай болса, Қосқұдық суреттерінің мазмұны өте терең [2].
Зерттеушілер арасында Маңғыстаудың жұмсақ әк жыныстарында көне суреттер сақтала қоймайды деген пікір бар. Алайда Қосқұдықтан табылған петроглифтер ондай пай-ымдарды жоққа шығарып қана қоймай, осынау тамаша өлкенің петроглифтерін зерттеуге мүмкіндік береді [3, 70, 93].
Материалдар мен зерттеу әдістері
Зерттеу жұмысының нәтижесіне жету жолында тарихи-географиялық, тарихи-салыстырмалы, тілдік анализ, баяндау, түсіндіру, саралау, салыстыру әдістері қолданылды. Сонымен қатар, 2020-2024 жж. аралығында жүргізілген далалық ғылыми экспедиция материалдары пайдаланылды.
Зерттеу нәтижелері
Маңғыстау аумағында көне петроглиферінің қатарына Шығыс Каратаудың Күркіреуік жеріндегі жергілікті қатты құмтастың жазық бетіне сызылған бейнелер жатады. Оның жазық бетіне бұрынғы заманда платинадан шауып аттардың, арқардың бейнелері, бәлкім, қасқырлардың сұлбалары суреттелген (3-сурет). Бұл суреттер ерте темір дәуірінің кезеңіне қатысты және олардың жасының кем дегенде 2 мың жыл болуы мүмкін. Күркіреуік тасының ашылуы - Қаратау тауларында бірнеше жылдар бойы әртүрлі дәуірлердің көптеген суреттерін табу мүмкін екендігінің айқын дәлелі [4].
3-сурет. Күркіреуік жерінен табылған жұмбақ бейнелер
Келесі петроглифтер топтамасы Шетпе елді мекенінен 13 шақырым қашықтықтағы Айрақты шоқысында орналасқан. Бұл жерді осындағы көнекөз қарттар Иір ойы деп те айтады екен. Айтса айтқандай, оның бұлың- бұлың бөктерлері мен иыр-қиыр өзектері ақбөкен, арқар секілді аңдарға атам заманнан таптырмайтын мекен болған. Биіктігі 350-400 метрден аспайтын бұл бор шоқының шығыс беткейіндегі жартастың беті неше түрлі шимайлы суреттерге толы. Сондықтан да болар, оны кезінде пиктограф ғалым Алан Медоев 1960 жылдары өзінің зерттеу объектісіне айналдырып, артында қызықты тұжырымдарға толы кітап қалдырған [5]. Ғалымның пайымдауынша, ескерткіш – XVII-XVIII ғасырларда Маңғыстауды мекен еткен кіші жүз қазақтарының (адайлардың) тұрмыс-тіршілігінен, дүниетанымдық қөзқарастарынан туындаған діни-ұғымдардың дамуын аңғартатын маңызды тарихи-мәдени ескерткіш. Таңбалы тастағы көзге түсетін ерекше бейне ол – тылсым шаршы тәріздес геометриялық сызбалар кескіні (4-сурет, а,ә,б). Олардың қандай мағына беретініне әзірше ғылым тұшымды жауап бере алмай отыр. Ескерткіш жергілікті дәрежедегі мемлекеттік қорғауға алынған [6]. 4-сурет(а, ә, б)
а) ә)
б)
4-сурет. Таңбалы тастағы геометриялық сызбалар. (А. Медоевтан алынды)
Зерттеу барысындағы төртінші петроглиф Түпқараған ауданындағы Жығылған мүйісіндегі жартаста орналасқан. Жығылған петроглифін алғашқы болып зерттеген – өлкетанушы М. Ақмырзаев [7, 33]. Таңбалы тастағы бейнелер де өзінің мағыналық жағынан Айрақты таңбалы тасындағы петроглифтерге ұқсайды. Бұл таңбалы таста да шаршы геометриялық фигура бейнеленген (5-сурет). Петроглифтердің сызылу стилі мен мағынасына қарап жобамен XVII-XVIII ғғ.аралығындағы қазақтарға тиесілі болу мүмкін деп болжауға болады.Таңбалы тас айналасында ескі қоныс пен түрікпен және қазақ қойымшылықтары кездеседі. Ескерткішті толыққанды талдау үшін айналасына кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет.
5- сурет. Жығылған мүйісіндегі таңбалы тас
Таңбалы тастарда кескінделген символдар негізінен ру таңбалары мен таңбаға ұқсас белгілер түрінде, ал культік бейнелер ислам әлеміне тән – мешіттер, ашық алақан, таспих сияқты бейнелермен берілген [8].
Маңғыстау петроглифтерінде ең көп кездесетін бейнелердің бірі – таңба және ұқсас бейнелер. Рулық таңбалар қабір үсті ескерткіштерінің барлық түрінде кездеседі. Сонымен қатар үлкен кесек тастар мен жартастарда сызылғандары да бар.
Таңба – ескерткіш мәтінінің ең көне элементтерінің бірі. Ол түркі- моңғолдың тамға - “белгі”, “мөр” деген мағынаны білдіреді. XIII-XV ғғ. моңғол-татар шапқыншылығының кезінде бұл термин Орта Азияның, Таяу және Орта Шығыстың, Кавказ бен Закавказьенің жаулап алынған елдерінде кеңінен таралып, бұрынғы мағынасына қоса – “ханның мөрі қойылған құжат”, “салық” сияқты жаңа мағынаға ие болды.
Қабіртастардағы таңба, негізінен, сонда жерленген адамның ру-тайпасын білдірсе, сағана тамдардың қабырғаларындағы таңбалар жерленген адам ғана емес, оған зиярат етіп келушілердің де ру-тайпалық тегінен дерек береді. Қабіртаста марқұмның аты-жөні, руы, қайтқан жылы жазылмай, оның тегін білдіретін бір ғана таңба болуы мүмкін. Мысалы, Ман Ата, Бектемір Баба, Қостам қорымындағы көне құлпытастарда көрнекті етіп тайпалық таңбалар ғана салынған (6-сурет)
6-сурет. Көне құлпытастардағы тайпалық таңбалар.
Келесі бір құлпытастарда тайпалық таңбалар марқұм туралы араб графикасымен жазылған мәліметтермен қатар берілген (7-сурет).
7-сурет Жазу: «Исімі Махубқожа ибн Садырқожа» және күнтаңба
Қосмола қорымындағы бір күмбезтамда 24 түрлі тайпалық таңба бар (8-сурет). Бұлар аталған әулиеге зиярат етіп арнайы келген немесе ұзақ сапар үстінде осы кесенені паналаған кездейсоқ жолаушылардың қолтаңбасы болуы да мүмкін.
8-сурет. Қосмола қойылымындағы 1-күмбезтам.
24 таңбаның шамамен 11 таңбасы оғыз тайпаларына (ішінара қазақтың Кіші және Орта жүз руларына да ортақ) тән десек, қай тайпа не рудың таңбасы екені белгісіз таңбалар да кездеседі (9-сурет).
9-сурет. Қосмола күмбезтамының сыртқы қабырғасындағы таңбалар
Қосмола күмбезтамы X-XII ғасырға жататын сәулет ескерткіші ретінде тіркелген. Олай болса, күмбезтам қабырғасындағы таңбалар бір уақытта, бір кезеңде салынбаған, әр дәуірде белгісіз әулиеге зиярат етушілер немесе бас сауғалаған жолаушылар өз қолтаңбаларын қалдырып отырған.
Тайпалық таңбалар кейде суреттермен аралас немесе түрлі фигуралармен безендіріліп те беріледі. Ондай кезде таңба немесе сурет екенін ажырату қиындық тудырады (10-11-12-суреттер).
10-сурет. Күмбезтам қабырғасындағы арқарлар және мүйізбен көркемделген салурлардың таңбасы
11-сурет. Құлпытастағы қошқар салур таңбасы. Масат ата
12-сурет. Күмбезтам қабырғасындағы қылыш, мылтық суреттері. Долы апа
Күмбезтам қабырғаларында марқұмның дүниеден қайтқан жылы мен аты-жөні араб графикасымен жазылып, бірнеше тайпалық таңбалар мен идеограммалар (ашық алақан, арқар, айғыр) аралас берілуі мүмкін (13-14-суреттер).
13-сурет. Жазу: «1217. Исмухамед Қуашұғлы» 14-сурет. Ашық алақан
және түрлі тайпалық таңбалар мен суреттер (Масат Ата)
Маңғыстаудағы Қарақабақ сайында (Таңбалы сай) жартасқа бедерленген 42 түрлі таңба бар екені анықталды. Оның ішінде оғыз тайпаларынан: байындыр, аусар, қызық, шәуілдір, қарабөлік, имур, қайы, салур, қарқын, баят, дөгер, бектілі таңбалары кездеседі (15-16-суреттер).
15-сурет. Қарақабақ сайы
-
16-сурет. Қарақабақ сайындағы (Таңбалы тас) оғыз таңбалары
Қорытынды
Қазақ даласында таңбаға ұқсас белгілер б.з.д. І мыңжылдықтан бастап белгілі бола бастады. Оларды ғұрыпты-мемориалдық ескерткіштерге [8, 218-234], құрылыстық заттарға, сондай-ақ әртүрлі мақсатта пайдаланатын керамикалық және металл ыдыстарға салып отырған. Таңбалар жиынтығын кейде «тас энциклопедия» деп те атайды. Маңғыстау облысы осындай таңбалы тастардың көптігімен Қазақстанда көш бастап тұр. Ескерткіштерде кездесетін негізгі таңбалардың ең көнесі сармат тайпаларына, ал берісі оғыз және қазақ тайпаларына тиесілі. Таңба – әр рудың идентификациялық коды. Ол аз да болса маңызды ақпарат беруге дайын. Ал ондай тасқа қашалған «энциклопедиялар» Маңғыстау өлкесінде жеткілікті және олардың барлығында түркі жұртының негізгі екі буыны – оғыз бен қыпшақ таңбалары қатар жүреді. Ол өз кезегінде бұл өлкенің қайнаған қазан секілді болғанын көрсетеді.
ӘДЕБИЕТТЕР
[1]. Артықбаев Ж.О., Нұрдәулетова Б.И., Аймұхамбет Ж. Ә., Төлегенұлы Б.,
Моллақанағатұлы С., Құлбаев Н., Спарабайқызы Ш., Шохаев М., 2022 Маңғыстаудағы сакралды мәтіндердің концептуалды кеңістігі: монография. Астана: «MAGZHAN», 2022. – 336 б.
[2]. Қондыбай С. Байырғы қазақ дүниетанымының негіздері. Энциклопедиялық басылым. Алматы: Қазақ тілі, 2018. – 480 б.
[3]. Үстірт пен Маңғыстау қазыналары. Самашев. З., Көшербаев. К., Аманшаев. Е.,
Астафьев А. Алматы. 2007.
[4]. МТМҚ мұрағатынан, 2014
[5]. Медоев А.Г. Гравюры на скалах. Алма-Ата: Жалын, 1979, 176.
[6]. ММТМҚ қоры, 2005
[7]. Ақмырзаев М.М. Адай уезінің жазба мұралары. Алматы. 2006. Қазақ
петроглифтері, 2005
[8]. Самашев З.С., Ольховский В.С. Стелы Дыкылтаса (Западный
Казахстан) // Вопросы Археологии Западного Казахстана. Самара. 1996.
В САКРАЛЬНОМ ПРОСТРАНСТВЕ МАНГИСТАУ
ПЕТРОГЛИФЫ И ПЛЕМЕННЫЕ СИМВОЛЫ
МЕТИН ЕКИЧИ
Университет Эге, Измир, Турция
Ж.О.АРТЫҚБАЕВ
Евразийский национальный университет им. Л. Н. Гумилева, Астана, Казахстан.
*Б.И.НҰРДӘУЛЕТОВА
Университет Есенова, Актау, Казахстан
Аннотация. Наскальные рисунки и надписи-рисунки, появившиеся еще в эпоху верхнего палеолита и пришедшие в современную эпоху, с одной стороны, представляют собой «галерею под открытым небом», отражающую духовную душу человека, который их рисовал, а с другой – являются одним из беспрецедентных источников для истории прошлых эпох и обществ. Это связано с тем, что камни Тамгалы дают информацию, связанную с повседневной жизнью, хозяйством и профессией наших предков, религиозными верованиями и обычаями, мировоззрением, отношениями с окружающей средой, племенной идентичностью и другими действиями.
Казахские степи занимают одно из первых мест на Евразийском континенте по количеству совокупных мест, заполненных такими данными. Одним из наиболее распространенных изображений в петроглифах Мангистау является символ и похожие изображения.
В статье анализируются наборы символов, петроглифы и символические образы, их познавательное значение, символическая функция.
Ключевые слова: символ, символические изображения, петроглифы, Мангыстау, пиктография, надгробия.
MANGYSTAU PETROGLYPHS AND TRIBAL SYMBOLS IN THE SACRED SPACE
METIN EKICHI
Ege University, Izmir, Turkey
Zh.Yes.ARTYKBAEV
L. N. Gumilyov Eurasian National University, Astana, Kazakhstan.
*B.I.NURDAULETOVA
Yesenov University, Aktau, Kazakhstan
Annotation. Rock carvings and inscriptions, drawings that appeared in the Upper Paleolithic era and have come into the modern era, on the one hand, represent an "open-air gallery" reflecting the spiritual soul of the person who painted them, and on the other, they are one of the unprecedented sources for the history of past eras and societies. This is due to the fact that Tamgaly stones provide information related to the daily life, household and profession of our ancestors, religious beliefs and customs, worldview, relations with the environment, tribal identity and other actions.
The Kazakh steppes occupy one of the first places on the Eurasian continent in terms of the number of cumulative places filled with such data. One of the most common images in the petroglyphs of Mangystau is the symbol and similar images.
The article analyzes sets of symbols, petroglyphs and symbolic images, their cognitive meaning, symbolic function.
Keywords: symbol, symbolic images, petroglyphs, Mangystau, pictography, tombstones.